«ОРДА.FM» 1 жаста!

Азамат Исаев

Осыдан он жеті жыл бұрын он үш жастағы Азамат Байқоңырдағы мәдениет сарайында «штаттағы қызметкер» атанса, бүгінде ол— білікті журналист. Оған қоса, еңселі елордамыздың «ОRDA.FM» атаулы радиостанциясының директоры деген абыройлы атақтың иесі.  Осындай жоғары дәрежеге қалай жеткендігі бізге де қызық болды. Олай болса, Азамат Исаевтың ой-толқынымен танысуға шақырамыз!

 

- Азамат, кішкентай кезіңізден танымал болуды армандапсыз. Сонда кім болғыңыз келді?

- Әуел бастан әнші болуды армандадым. Оқушы кезімде фортепиано сыныбын бітіріп, бірнеше музыкалық аспапты меңгергенмін. Алайда, қазір оның бірін де қолыма алмаймын... Он үш жасымда туып-өскен жерім Байқоңырдағы мәдениет сарайына «штаттағы қызметкер» ретінде орналастым. Ол жерде түрлі жиындарды, мерекелік кештерді жүргіздім, әрі өлең айттым. Жалпы, кішкентай кезімнен бастап ширақ болдым десем де болады. Қазір ойлап отырсам, мен қатысып көрмеген секция қалмапты.

- Сонда әнші Азамат журналистикаға қалай келді?

- Алғаш тәжірибем жергілікті телеарнадан басталды. Кішігірім студия болса да, менің «журналистика» әлеміне қанат қағуыма өзіндік үлесін қосқан киелі мекен деп ойлаймын. Алайда, ата-анам әнші болуыма да, журналист болуыма да қарсы болған. Техникалық білім алғанымды қалады. Жастайымнан қас-қабақты танитын сезімтал бала болып өскен соң, қарсы шықпадым. Туған өлкемдегі Мәскеу Авиация Институтына құжаттарымды тапсырдым. Бір қызығы, бірінші емтиханда бос парақты тапсырсам да, математик-физик сыныптастарым емес, мен өтіп кетемін. Алайда, келесі күні қабылдау бөліміне барып, құжаттарымды қайтарып алдым. Үйдегі нағыз «айқай-шудың» себепкері болдым сол кезде. Дегенмен, Алматыдағы Абай атындағы АГУ-дегі журналистика кафедрасына оқуға түстім. Мен бітіргенде, ол білім ордасы ҚазҰПУ деп атын өзгертіп, статусы жоғарылағаны есімде.

- Студенттік шағыңызда да жұмыс істегеніңіз белгілі. Жалпы «студенттік шақ» сізде болды ма?

- Жоқ, болмады. Оған өкінбеймін де. Тек бірінші семестрдің сабақтарын босатпай барып жүрдім, ал одан кейінгі білімім практикамен толысты. Жарты жылдай «Шаһар» телерадио корпарациясында жалақысыз жұмыс істедім. Есесіне, сол жерде телевизия саласындағы тәжірибемді толықтырдым. Монтаждауды да, кодировка жасауды да үйрендім. Ал, кодировка жасай алмайтын журналист өзін «білікті маманмын» деп атауының қажеті жоқ деп есептеймін.

- Осы жолда қандай адамдармен жұмыс істедіңіз?

-  Негізінен, мен сол кезде «Шаһардан» кетіп қалғанмын. Мәселен, мені жалақысы бар жұмысқа қабылдай алмады. Ал, тегін жұмыс істеген кімге ұнасын? Бірақ, кетерімде жүргізушілікке кастинг өтіп жатқанын біліп, соған қатыстым. Ешқандай жауап болмады. Сөйтіп, ауылға қайтып кеткенмін. Сәл уақыттан соң күтпеген жерден журналист Раушан Исабекова хабарласты. Кастингтен өткенімді айтты. Телеарнаға қайта қайтарып алған сол кісі. Осылайша, Раушан Исабекова, Ләйлә Сұлтанқызы, Қазбек Қасым сияқты жүргізушілермен жұмысымды бастап кеттім. Қазбек екеуміздің эфирге шыққан уақытымыз да бір күнде. Төртеумізді «төрт арыстан» дейтін сыртымыздан. Бір қызығы, «Шаһар» телеарнасы жабылғанда, бір топ адам жұмыстан шықты. Ал, біз төртеуміз жұмысымызды әрі қарай жаңадан ашылған  «НІТ ТV»  арнасында жалғастырдық. Бұдан кейінгі өмірім кадр сыртында өте бастады. Сегіз жыл өмірімді «Шаһар» телерадио корпорациясына арнаппын. Он тоғыз жасымда редактор болдым. Одан кейін продюсер, генпродюсердің жұмысын атқардым. Еліміздің алғашқы музыкалық арнасында Қайрат Кулибаев бастаған, Адиль Лиян, Илья Солодин, Андрей Солопов дейтін білікті мамандармен жұмыс істедім. Одан кейін Алмас Кішкенбаевпен бірігіп, журнал шығардық. Барлығымен де қарым-қатынасым жақсы. Иілгенге иіліп, қақайғанға қақаятын адаммын.

- Елордаға келуіңізге «твиттер» желісі себеп болған екен. Солай ма?

- Твиттерде Динара Сатжан «Астана» телеарнасына копирайтер қызметіне маман керектігін жазды. Сөйтіп, түйіндемемді, жұмыстарымды жіберіп едім, жұмысқа қабылдандым. Арна басшысы Ләззат Танысбай мені үш ай ішінде арнаның креативті продюсері қылып тағайындады. Екі айдан кейін «радиостанция директоры» қызметіне ұсыныс жасалды. Осылайша, 13-ақпан «Дүниежүзілік радио күні» қызметімді бастап кеттім. Ал, жаңа жылда, 22-наурыз күні радио «ОRDA.FM» деген жаңа атаумен эфирге шықты. Біз осылайша атымызды да, затымызды да өзгерттік. Жақында радиомыз 1-ге толады!

- Орда радиосы — Астанадағы ең үздік радиостанция. Аз ғана уақытта бренд қалыптастыру қаншалықты қиын болды?

- Қиын болды деп айта алмаймын. Себебі, біздің ұжымда өз ісін жетік меңгерген білікті мамандар қызмет атқарады. Кешкі сағат 17.00 мен 20.00 арасында эфир тізгіні Азамат, Антон және Ковальский дейтін үш жігітте. Одан кейін «Кешкі ТІМЕ»-ды  Жасұлан Жүрсінұлы мен Майра Төлепберген  жүргізеді. Және түнгі 22.00-де микрофон Бахтияр Әбілхайырға көшеді. Жаңалықтар топтамасын белгілі диктор Марал Байғара ұсынады.  Барлықтарының телевизия саласында да, радио саласында да мол тәжірибелері бар.  Шығармашылық тобыма үлкен үміт артамын және де оларға толықтай сенемін деп айта аламын. Кешкі сағат бестен түнгі он екіге дейін тыңдарманымызды күлдіріп те, сергітіп те аламыз. Бір сөзбен айтқанда, арнамыздан алыстамаулары үшін бар күшімізді саламыз.

- Менің ойымша, дәл осы контентпен радионы бүкіл Қазақстанға таратуға болады. Осы мәселені қарастырдыңыздар ма?

- Сізбен толықтай келісемін. Алайда, ол оңай шешілетін дүние емес. Бұл сұрақты шешу— жоғарыдағы басшылықтың құзыреттілігіндегі мәселе. Бірақ, бізді ғаламтордағы orda.fm сайты арқылы тыңдауға болады. Сонымен қатар, қазіргі таңда онлайн веб-көрсетілімді жүзеге асыру жоспарымызда бар. Яғни, студияда не болып жатқанын тыңдарман енді көре алатын болады. Құдайға шүкір, сапалы контенттың арқасында аудиториямыз үлкен.Он тоғыз бен елу төрт жас аралығындағы адамдар бізді көп тыңдайды. Оның ішінде 51%-ы еркек болса, 49%-ы әйел адамдар екен. Рейтинг бойынша  «ОRDA.FM» радиостанциясы—Астанадағы №1 радио.

- Азамат, сіз ел аузында жүретін адамдармен көп араласыз. Орда радиосының пайымдауынша,  «жылдың атышулы бес жаңалығын» атап бере аласыз ба?!

- Менің ойымша, алғашқы екі орынға Маржан Сұлтанбайды қоюға болады. Оның «Ел аузында» бағдарламасынан кеткені және орамал таққаны таңқалдырды. Үшінші жаңалық деп Қайрат Нұртастың біздің радиомыздың презентациясында ешқандай «дүмпусіз» өнер көрсеткенін айтар едім. Төртінші жаңалық — Динара Сатжанның босануы. Бесіншіге «Лига Джентельменов» дейтін хабарымыздың жүргізушісі Ковальский мырзаның тыңдарманға шын бет-бейнесін көрсетіп, үйленуін жатқызар едім.

- Қызықты әңгімеңізге көп рахмет. Алда келе жатқан әз Наурыз бен «ОRDA.FM» радиосының туған күні құтты болсын!

- Рахмет!

Әңгімелескен Жұлдыз АКБАРОВА

26 Марта 2014
6198
Автор: администратор
Категория: Новости
Читайте также
Рейтинг статьи: Комментариев:
Комментарии
В данный момент у статьи нет комментариев, но вы можете стать первым!
Добавить комментарий
<
Ваша
оценка:
вконтакте facebook twitter youtube instagram