Жүрегімде із қалдырған «Кешкі ТІМЕ»

Кешкі ТІМЕ

Мен үшін музыканың орны бөлек. Өмірімнің ажырамас бөлігіне айналған әуезді әндерді тыңдай бергім келеді. Иә, қазір ғаламтордан қалағаныңды жүктеп алуға болады, әрине. Бірақ, кейде күйбең тірлікті кешіп жүріп, оған не уақыт табылмайды, не әннің атауы есіңе түспей қалатыны сізге де таныс шығар?! Сезім пернесін дөп басатын әндері бар әуе толқынын мен тез тауып алдым.

 

103.2 толқынындағы бас шаһарымыздың «Орда.FM» атаулы радиосы — ол! Алғашқы кездері тек ән тыңдау үшін қосып жүргенім рас. Уақыт өте келе дәл осы радиодан көкейімде жүрген санмың сауалдарға жауап ала бастадым. Қалай дейсіз ғой?.. Қазақ тілді «Кешкі ТІМЕ» деп аталатын хабарды тыңдай бастадым. Саяси жаңалықтарсыз, әлемде және елімізде болып жатқан таңдаулы ақпаратпен бөлісетіні менің назарымды бірден аударды. Одан бөлек ойындары жеңіл-желпі өтпейді, әр сұрағы тыңдарманға ой салады. Сонымен қатар, жаратылыстың сұлу ансамблін жасайтын поэзия әлеміне де орын бар бұл бағдарламада. «Төрт сөз» айдарына құлақ түрген тыңдарманның әп сәтте-ақ жүрегін жаулап алатын сан-түрлі тақырыптағы нағыз жырлар тасқыны осында. Табиғаттың тіршілік нәрі су болса, «Кешкі ТІМЕ» нәрі — поэзия. Бұл — аксиома!

Айтпақшы, естеріңізде ме, бұрын «Ол кім? Бұл не?» деген энциклопедиядан іздеуші едік қой білмейтінімізді... Ал, қазір білмейтінді білдіретін, білгеніңді дәлелдететін, әрі көңілді сергітетін Жасұлан Жүрсінұлы мен Майра Төлепберген есімді сиқыршылар бар. Иә-иә, си-қыр-шы-лар! Қай күні тыңдасаңыз да, дауыстарынан, эфирдегі көңілдерінен мін табу қиын екенін аңғардым. Кейін осы «Кешкі ТІМЕ» ақпараттық, ойын-сауық бағдарламасына қызмет етуге ниеттендім. Астананың алтын дауысты жүргізушілерімен таныстығымыз осылай басталып та кетті. Радиостудияның есігін алғаш жасқанып ашқан қыз баланы жасқамай, жатырқамай, қайта бауырына тартқан, нағыз жүректен шыққан ықыластары бар «радиошылар» мен үшін енді аға-әпкемдей болды, расында. Эфирде қандай ақжарқын болса, шынайы өмірде дәл сондай. Әрине, кейде көңілдері түсіп, қабақтары ашылмайтын күймен де келеді жұмысқа. Кейде, тіпті, суық тиіп, қызулары басылмай тұрған кездері де болады. Алайда, студия табалдырығын аттаған сәтте бар шаршағандары басылып, жігерленіп, тыңдарманмен қайта қауышуға асығып тұратындарын көрсеңіздер ғой! Кәсібін таңдауда қателеспеген жандар осындай болады деп ойлап қоямын іштей... Санмың тыңдарманның көңілін табу, халықтың ойын, санасын өсіріп қана қоймай, қоғам денесіндегі барлық қан-тамырларын ауру-сырқаумен көре білу әрбір радиожүргізушінің қолынан келе бермейтіні хақ. Ал, «Кешкі ТІМЕ» хабарының тізгіні санаңды жаңғыртар рухани байлыққа баулитын «құдай қосқан» жүргізушілерінде. Олар эфирді көңілді, әрі тыңдарман үшін пайдалы етіп өткізу үшін әрдайым ізденісте.

Тұрмысымызды, мәдениетімізді біреу келіп жөндеп бермейтініне көз жетерліктей болдық деп ойлаймын. Сондықтан, жүрегі қазақ деп соғатын жанның сауатты өсіп-дамуына тигізер үлестің салмағы күн сайын арта берсе деген арман тыңдарман үшін жаратылған қос жүргізушінің басты мақсатына айналғандай! Осындай мақтайтын емес, мақтануға тұрарлық радиожүргізушілер халықтың қошеметіне бөлене берсе екен деген тілегім тағы бар. Осы орайда, радио мені татулық пен бірлікке, еңбекқорлыққа үйреткенін айта кетуім керек. Бұл жерде ешқандай бірінші, екінші немесе маңызды, маңызды емес деген қызмет жоқ.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, барлығымыз бірігіп эфир жасайтындықтан, бұл жерде мен өзімді жайлы сезінемін. Кішкентай жүрегіме тасқа қашап салған таңбадай із қалдырған «Кешкі ТІМЕ»-ның әр сәті мені «радиожурналистика» деп аталатын ертегідей әлемге тәй-тәй бастырып, сәби саусақтарымды соза, тұрып-жығылып, ана көкірегіне ұмтылғандай талпындырды. Сол талпыныс жеткізбей жүрген көгілдір шыңға мені әлі жетелеп келеді...

Сөз соңында баршаңызды дүйсенбі мен жұма сайын сағат 20.00 мен 22.00 аралығында болатын, кешкі уақыттарыңызды қызықты етер «Кешкі ТІМЕ» хабарына шақырғым келеді. Өйткені, біздегі ақпарат—қызық, біздегі әуен- үздік, біздегі ойындар – ерекше!

Жұлдыз АКБАРОВА

18 Февраля 2014
3844
Автор: администратор
Категория: Новости
Читайте также
Рейтинг статьи: Комментариев:
Комментарии
В данный момент у статьи нет комментариев, но вы можете стать первым!
Добавить комментарий
template empty: auth_no2 ()
youtube instagram