Дастан Оразбеков: әлемдік деңгейден еш кемшілігіміз жоқ

Дастан Оразбеков

«ОРДА» тобының белді әншісі, белгілі әнші, актер Дастан ОРАЗБЕКОВ-ты өткен туған күнімен құттықтап, сұхбаттасып та үлгердік.  Бір сырлы жігіттің ойларымен  және жаңа жобаларымен таныс болыңыздар!

Соңғы кездері шығармашылығыңыз көбінесе қандай бағытта дамып жатыр?

Шығармашылығым нақты бір бағытта дамып жатыр, деп айта алмаймын. Күнделікті тірлікте өмірім өнермен тығыз байланысты болып келеді. Бірде концерт, бірде кино және бағдарламаларға қатысатын кездерім болып тұрады. Тек қана сабырлық, шыдамдылық таныту керек.

Өнермен қатар жеке бизнеспен айналысатыныңыз мәлім. Бүгінгі күнде қайсы басым болып келеді?

Бизнес ашылғанмен, ол да бір өнердің қыр-сырынан тұрады. Тележобалар мен бейнебаянды түсіретін «продакшн» өз жұмысын атқаруда. Онымен қоса, шәкірттерді өнер жолына жетелеп, тәрбиелеп жатырмын. Өнерден мүлде алыстаған емеспін, деп санаймын.

Бала арманыңыз орындалды деп айта аласыз ба?

Бала кездегі арманым орындалған жоқ. Бүгінде қол жеткізген біраз жетістіктеріме ризамын. Дегенмен, бағындырар белестер әлі де алда. Сондықтан, арманның көкесі алда, дейміз (күліп).

Қазақ эстрадасындағы беделді, танымал әнші ретінде қазақстандық шоубизнес жайлы пікіріңіз қандай?

Қазақ эстрадасындағы шоу-бизнес қатты дамып жатыр, деп айта аламын. Бірақ оның дамуына атсалысып жүрген жандардың біріміз. Біреулеріміз жаңа әндерге еліктесек пе, әлде әлемдік деңгейде ән жазсақ па деген ойларға тоқталатынымыз рас. Енді бірі халықтың көңілінен шығу мақсатында, саналы әндерді жазып жатады. Менің байқағанымша, заманауи тұрғыда жазылып жүрген әндер басым болып келеді. Соған қарамастан,  қазақи әндер орынды болып жатса, менің де мәртебем көкке жетер еді. Біздің әлемдік деңгейден еш кемшілігіміз жоқ.

Күнделікті өмірде қандай стильде киінгенді жөн көресіз? Белгілі бір заманауи үлгіге сай стиліңіз бар ма?

Стильді, тартымды болып көрінуге ұмтылғанмен, еркіндікті қалаймын. Өз басым киген киім денеге жеңілдікті беру қажет, деп ойлаймын. Көпшілікке белгілі кэжуал, свэг стильдерінен де бас тартпаймын. Бірақ костюм-шалбарға көңілім ешқашан соқпайтын.

Келесі бейнеклип қандай тақырыпта болмақ?

Алла жазса, келесі бейнебаян жақын арада түсірілуі тиіс.  «Турквижн-2014»  байқауында орындалған «Қазақпын мен» әніне, ақпан және наурыз айларындағы гастрольдік турдан үзінділерін жинап, бейнебаян сюжетін жасаймыз, деген жоспарымыз бар.

Тыңдармандарыңызбен кездесу ұйымдастырасыз ба?

Шыны керек, тыңдармандарыммен кездесу ұйымдастырған жоқпын. Қарбалас жұмыс өз орнын тауып, аздап басылғаннан кейін кеңседе әңгімедуман құрамыз, деген ойдамын. Алдағы уақытта бір-бірімізбен сұхбаттасатынымызға еш күмәнім жоқ.

«Орда» тобының құрамында өзгерістер болуы мүмкін бе?

Он бес жыл бірге болғанымызды және бір нанды бөліскенімізді ескере отырып, «Орда» тобымызда өзгерістердің  болуы мүмкін емес, деп айтамын. Қалыптасқан топ құрамы қалады.

Актерлік жолыңызда өзіңіз сомдаған рөліңіздің қайсы ерекше әсер қалдырды?

Актерлік жолда өзім сомдаған және көңілімнен шыққан рөлдерімнің бірі «Препод» фильмі. Толықметражды фильмде бастан аяқ жауапты кейіпкердің рөлін ойнау өте маңызды сәттердің бірі болып табылады. Ерекше әсер қалдырғанын мойындаймын. Бірақ бұл тек бастамасы ғана. Ішкі дүнием одан да жақсы рөлдер орын алатынын сезеді.

Болашақта қандай байқауда тағы бір рет бағыңызды сынар едіңіз?

Шыны керек, байқауларға қатысатын ойым жоқ. Себебі, бүгінгі өмірдің өзі сайысқа толы. Жан-жақты өзіміз сияқты шығармашылықпен айналысатын адамдар баршылық. Қазақстан бойынша өнерімізді паш етіп жүргеніміз де, әртүрлі бағытта дамуға тырысып жатқанымызда қызу сайыстың көрсеткіші, деп әбден айтуға болады. Егер мүмкіншілік туып жатса, бағымызды сынауға әрдайым дайынбыз! «Тек қана алға!» (күліп). 

Дастан, көп уақыт өтсе де, сұхбатты естен шығармай, жауап бергеніңіз үшін рахмет!

Сізге де шыдамдылық танытып, күткеніңіз үшін алғысымды білдіремін!

Салтанат ГАББАС

12 Февраля 2015
7419
Автор: администратор
Категория: Новости
Читайте также
Рейтинг статьи: Комментариев:
Комментарии
В данный момент у статьи нет комментариев, но вы можете стать первым!
Добавить комментарий
template empty: auth_no2 ()
youtube instagram